Date of publication: 11.10.2023 15:38
Date of changing: 11.10.2023 15:39

   Өтініштерді қабылдау және алкоголь өнімдерін өндіруге лицензия беру www.egov.kz (http://internal.elicense.kz) «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

    Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті алкоголь өнімін өндіруге лицензия беретін лицензиар болып табылады.

    Лицензиялық алым қайда, қашан  және қанша төленеді?

     Алым сомалары белгіленген мөлшерлемелер бойынша есептеледі және уәкілетті мемлекеттік органға тиісті құжаттарды тапсырғанға дейін немесе лицензияны алғанға дейін алым төлеушінің орналасқан жері бойынша төленеді (БСК 105402).

     Алкоголь өнімін өндіруге (сыра қайнату өнімдерін қоспағанда) лицензия бергені үшін лицензиялық алымның ставкалары – 3000 АЕК (10,3 млн. теңге); сыра қайнату өнімдерін өндіруге – 2000 АЕК (6,9 млн. теңге).

     Қандай құжаттар қажет?

     Алкоголь өнімдерін өндіруге лицензия алу үшін қажетті құжаттар тізбесі (барлық құжаттар электронды түрде ұсынылады):

    - өтініш;

    - лицензиялық алымның бюджетке төленгенін растайтын құжаттың көшірмесі;

    - алкоголь өнімін өндіруші әзірлеген және бекіткен өндірістік паспорттың көшірмесі;

    - арақтардың, айрықша арақтардың, тауардың шығарылған жерінің атауы қорғалған арақтардың қажетті көлемін өндіруге мүмкіндік беретін жабдықтың пайдалану-техникалық сипаттамасын қамтитын жабдықтың паспортарының көшірмелерін қоса бере отырып, өтініш беруші жүргізетін өндірістік қуаттылық есебінің көшірмесі;

    - ұйымның теңгеріміне технологиялық жабдықты қабылдау туралы бухгалтерлік (есептік) құжаттардың көшірмелері;

    - алкоголь өндірісі саласындағы қызметті жүзеге асыруға қойылатын біліктілік талаптары туралы ақпарат нысаны.

     Алкоголь өнімдерін өндіруге стационарлық өндірістік үй-жайларда және өндірушіге тиесілі жабдықта рұқсат етіледі, сонымен қатар алкоголь өнімдерін өндіруге санитарлық-эпидемиологиялық сертификат (СЭС) алу қажет.