Date of publication: 17.10.2015 16:27
Date of changing: 17.10.2015 16:29

Салық төлеушінің құқықтары мен міндеттері

Қазақстан Республикасының Конституциясынан

12 - бап

1. Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк берiледi.

2. Адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан жазылған, олар абсолюттi деп танылады, олардан ешкiм айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады.

3. Республиканың азаматы өзiнiң азаматтығына орай құқықтарға ие болып, мiндеттер атқарады.

4. Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Республикада азаматтар үшiн белгiленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ мiндеттер атқарады.

5. Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтiрмеуге тиiс.

35 - бап

Заңды түрде белгiленген салықтарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеу әркiмнiң борышы әрі мiндетi болып табылады.

Қазақстан Республикасының

Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы Кодексінен

13-бап. Салық төлеушінің құқықтары

1) Салық қызметі органдарынан қолданылып жүрген салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы, Қазақстан Республикасының салық заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпарат, салықтық нысандарды толтыру тәртібі бойынша түсіндірмелер алуға;

2) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарда жеке өзі не өзінің өкілі арқылы немесе салық консультантының қатысуымен өзінің мүдделерін білдіруге;

3) Салық кодексінде белгіленген жағдайларда салықтық бақылау нәтижелерін алуға;

4) салық органында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарын, салықтық өтініштердің белгіленген нысандарының бланкілерін және (немесе) электрондық түрде салық есептіліктері мен өтініштерін беру үшін қажетті бағдарламалық қамтамасыз етілімді тегін алуға;

5) өтініш бойынша салық органында бұрын өзі тапсырған салық есептілігінің көшірмесін алуға;

6) салық қызметі органдарына салықтық бақылау нәтижелері бойынша салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеу мен төлеу жөніндегі түсіндірмелерді табыс етуге;

7) салық органы салықтық өтініш алған кезден бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей салық міндеттемесін, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстау және аудару, әлеуметтік аударымдарды есептеу және төлеу бойынша міндеттемелерді орындау бойынша бюджетпен есеп айырысудың жай-күйі туралы жеке шоттан үзінді көшірме алуға;

8) салықтық өтініш бойынша Салық кодексінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде мынадай:

салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің жоқ (бар) екендігі туралы;

резидент еместің Қазақстан Республикасындағы көздерден алған табыстарының және ұсталған (төленген) салықтардың сомалары туралы анықтама түрлерін алуға;

9) салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындау мақсатында төлем құжатын толтыру үшін қажетті деректемелер туралы мәліметтер, сондай-ақ салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу тәртібі туралы ақпаратты салық органына көрсетілген ақпарат үшін өтініш жасалған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде алуға;

10) Салық кодексінде және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) салық қызметінің жоғары тұрған органының хабарламаға жасалған шағымды қарау нәтижелері бойынша шығарған шешіміне, сондай-ақ салық қызметі органдарының лауазымды адамдарының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға;

11) салықтық құпияның сақталуын талап етуге;

12) Салық кодексіне сәйкес салық қызметі органдары көрсететін мемлекеттік қызметтерді тегін алуға;

13) салықтық тексеру жүргізу барысында салық қызметі органдарының лауазымды адамында туындаған сұрақтарды жазбаша тіркеуге және осы сұрақтар көрсетілетін құжатты онымен келісуге;

14) берілуі Қазақстан Республикасының салық заңнамасында, Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралызаңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін өндіру мен олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасында тікелей көзделген ақпарат пен құжаттарды қоспағанда, салық салу объектілеріне және (немесе) салық салуға байланысты объектілерге жатпайтын ақпарат пен құжаттарды бермеуге құқылы.

Салық төлеуші Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға Салық кодексінде белгіленген тәртіппен электрондық тәсілмен қатысуға құқылы.

Салық төлеушінің Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген өзге де құқықтары бар.

 

14-бап. Салық төлеушінің міндеттері

1) Салық кодексіне сәйкес салық міндеттемелерін уақтылы және толық көлемде орындауға;

2) салық қызметі органдары лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының салық заңнамасын анықталған бұзушылықтарды жою туралы заңды талаптарын орындауға, сондай-ақ олардың қызметтік міндеттерін атқаруы кезіндегі заңды қызметіне кедергі жасамауға;

3) нұсқама негізінде салық қызметі органдары лауазымды адамдарының салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объект болып табылатын мүлікті зерттеп-тексеруіне жол беруге;

4) Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында көзделген ақпарат пен құжаттарды беруге;

5) бақылау-кассалық машиналарды қолдануға және оларды қолданудың Салық кодексінде белгіленген тәртібін сақтауға;

6) дара кәсіпкердің кәсіпкерлік қызметті, жекеше нотариустың, жеке сот орындаушысының, адвокаттың, тұрақты мекеменің, резидент емес заңды тұлғаның қызметті тоқтатуына (Салық кодексінің 37-1 және 43-баптарында белгіленген жағдайларды қоспағанда), заңды тұлғаның бөліну жолымен қайта ұйымдастырылуына және (немесе) таратылуына байланысты құжаттық тексеруді жүргізу туралы салық органына салықтық өтініш беруге;

7) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілеген тәртіппен, Кеден одағына мүше мемлекеттерден импортталатын акцизделетін тауарларды (жеңіл автомобильдерді қоспағанда) алдағы уақытта алатыны туралы салық органдарына хабардар етуге;

8) салық органдарын мынадай жағдайларда:

әкелінген тауарлардың қасиеттері мен сипаттарын өзгертпей кейіннен Қазақстан Республикасының аумағынан әкетілетін тауарларды Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелу кезінде;

әкетілген тауарлардың қасиеттері мен сипаттарын өзгертпей кейіннен Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағына уақытша әкету кезінде хабардар етуге міндетті.

Осы тармақшаның мақсатында тауарларды әкелу (әкету) туралы хабарлама беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

Салық төлеуші Салық кодексінде көзделген өзге де міндеттерді орындайды.

Қазақстан Республикасының

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінен

584-бап. Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адам құқылы:

Хаттамамен және iстiң басқа да материалдарымен танысуға, түсiнiктеме беруге, хаттаманың мазмұны мен ресiмделуi жөнiнде ескертулер жасауға, дәлелдемелер табыс етуге, өтiнiш және қарсылық мәлiмдеуге, қорғаушының заң көмегiн пайдалануға, iс қаралғанда ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде сөйлеуге, егер iс жүргiзiлiп отырған тiлдi бiлмесе, аудармашының қызметiн пайдалануға; iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларының қолданылуына, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға және iс жөнiндегi қаулыға шағымдануға, одан үзінді алуға және істегі құжаттардың көшірмелерін түсіріп алуға, сондай-ақ өзiне Кодексте берiлген өзге де iс жүргiзу құқықтарын пайдалануға құқылы.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан адамның қатысуымен қаралады. Аталған адамға iстiң қаралатын орны мен уақыты тиiстi түрде хабарланғаны туралы деректер болған және одан iстi қарауды кейiнге қалдыру туралы өтiнiш түспеген ретте ғана iс оның өзi болмаған жағдайда қаралуы мүмкiн.

Он сегіз жасқа толмаған адам жасаған не жасалуы әкімшілік қамауға алу, сондай-ақ шетелдікті не азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге әкімшілік шығарып жіберу немесе адамға берілген арнайы құқықтан (көлік құралдарын басқару құқығын қоспағанда) айыру түріндегі әкімшілік жазаға әкеп соқтыратын әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау кезінде әкімшілік жауапқа тартылып отырған адамның қатысуы міндетті.

Осы баптың үшінші бөлігінде аталған адамдар іс жүргізуінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жатқан әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарайтын судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуден жалтарған жағдайда, бұл адамды мәжбүрлеп алып келу іске асырылуы мүмкін.

Алып келу туралы сот ұйғарымын сот приставы немесе ішкі істер органдары; әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарайтын органның (лауазымды адамның) ұйғарымын ішкі істер органдары (полиция) орындайды.

Өзi жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп жатқан кәмелетке толмаған адам, талқылануы оған терiс әсер етуi мүмкiн iстiң мән-жайын қарау кезiнде уақытша шығарыла тұруы мүмкiн.

Ескерту. Кодексте тиісінше хабарлау (хабардар ету) деп оның тікелей өзіне немесе онымен бірге тұрып жатқан кәмелетке толған отбасы мүшелерінің біріне қолы қойылып, тапсырылғаны туралы жөнелтушіге қайтарылуы тиіс тапсырыстық хатпен, жеделхатпен табыс етілген хабарлама танылады. Заңды тұлғаға жіберілген хабарлама өзінің тегін, аты-жөні мен лауазымын көрсетіп, қолы қойылған заңды тұлғаның басшысына немесе қызметкеріне табыс етіледі.

Кодексте тиісінше хабарлау (хабардар ету) деп салық қызметінің органы Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен электрондық салық төлеушілер ретінде тіркелген тұлғаларға электрондық тәсілмен жіберген хабарлама (хабардар ету) да танылады.