Date of publication: 06.02.2024 08:41
Date of changing: 06.02.2024 08:41

Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда қызмет ететін жұмыскерлерді әлеуметтік қолдау үшін жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлем сомалары ЖТС салудан босатылады. Ай сайынғы сома бір ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасын құрайды (2024 жылы – 43 407 теңге) (01.01.2024 ж. бастап қолданысқа енгізіледі).

Ұлттық қордан балаларға төленетін төлем бөлігінде

ЖТС салудан келесі нысаналы жинақтар босатылады:

баланың 18 жасқа толғанға дейін БЖЗҚ нысаналы жинақтаушы шотында тұрғын үй жағдайын жақсарту мен білім алуды төлеу мақсаттарына жинақталған;

баланың 18 жасқа толуынан кейінгі 10 жыл ішінде қолданылмаған азаматтың ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін жеке зейнетақы шотына бағытталған (01.01.2024 ж. бастап қолданысқа енгізіледі).

Тұрақ орындарын өткізу кезіндегі құн өсімінен түсетін кіріс бөлігінде

Тұрақ орындарын өткізу кезінде салық салу мен декларациялауға жататын мүліктік кіріс мысалы тұрғынжайларды өткізумен іспеттес туындайды (тұрақ орындары меншік құқығында бір жылдан аз уақыт болған жағдайда). Бұрын мүліктік кіріс иелік ету мерзіміне қарамай туындайтын (01.01.2022ж. бастап ретроспективті қолданысқа енгізіледі).

Көлік құралын өткізу кезіндегі құн өсімінен түсетін кіріс бөлігінде

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағынан әкелінген бір жылдан аз меншік құқығында болған көлік құралын өткізген жағдайда сатып алу бағасын (құнын) анықтау кезінде осындай механикалық көлік құралдарын және (немесе) тіркемелерді әкелу кезінде тауарларға арналған декларацияда көрсетілген кедендік және кәдеге жарату төлемдері де ескеріледі (01.01.2023 ж. бастап ретроспективті қолданысқа енгізіледі).

Жеке тұлғаларға бонустарды есепке жазу бөлігінде

Сатушының сатып алушыға тауарларды (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) алғаны үшін есептелген бонустар сомасы ЖТС салудан босатылады (01.01.2018 ж.бастап ретроспективті қолданысқа енгізіледі).

Біржолғы зейнетақы төлемдеріне салық салу бөлігінде

ЖТС біржолғы ретпен ұстап қалуға жатады:

жеке тұлға Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен кезде;

зейнетақы жинақтары мұраға қалдырылған адамға төленген кезде;

2023 жылғы 1 шілдеден бастап жүзеге асырылғандарды қоса алғанда жеке тұлға зейнетақы аннуитеті шарты бойынша зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымдарына аударған кезде;

еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушы болып табылатын жеке тұлғаға біржолғы зейнетақы төлемі кезінде (әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкері және т.б.) (2023 жылғы 1 шілдеден бастап ретроспективті қолданысқа енгізіледі).

БЖЗҚ төленетін біржолғы зейнетақы төлемдері түріндегі салық салынатын табыстың мөлшерін айқындау кезінде келесі тұлғалар 882 АЕК шамасында стандартты шегерімді қолдануға құқығы бар:

бірінші, екінші немесе үшінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар;

ҰОС қатысушыларына теңестірілген адамдар, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;

мүгедектігі бар баланың немесе бала кезінен мүгедектігі бар адамның ата-аналары, қорғаншылары, қамқоршылары;

бала асырап алушылардың бірі, жетім балалар мен балаларды асырап алушы ата-аналардың бірі, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған асырап алушы отбасылары (2021 жылғы 1 қаңтардан бастап ретроспективті қолданысқа енгізіледі).