Date of publication: 23.12.2023 15:55
Date of changing: 23.12.2023 15:56

       2023 жылы МКК-ға қатарынан үш айдың әрқайсысы ішінде 100 түрлі тұлғадан жеке банктік шотқа аударымдар алған жеке тұлғалар бойынша банктерден мәліметтер келіп түсті. Банктер мәліметтерді тек осы өлшемшарттарға сәйкес келген адамдар бойынша жібереді.

       Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті Өндірістік емес төлмедерді, жеке тұлғаларды және арнаулы салық режимдерін әкімшілендіру департаментінің директоры Нұржан Қуандықов баспасөз конференциясы барысында хабарлады.

      Банктерден ақпарат кезең кезеңімен беріледі:

      1) 2023 жылдан бастап – мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары бойынша (2022 жылдың қорытындысы бойынша);

      2) 2024 жылдан бастап – мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары бойынша (2023 жылдың қорытындысы бойынша);

     3) 2025 жылдан бастап – жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары бойынша (2024 жылдың қорытындысы бойынша);

     4) 2026 жылдан бастап – халықтың қалған бөлігі бойынша (2025 жылдың қорытындысы бойынша).

       Бүгінгі таңда ақпарат тек 2022 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары бойынша алынды.

      Бұл жоба жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған, өйткені көптеген кәсіпкерлер тауарлар, қызметтер үшін төлемді жеке шоттарға (дүкендер, такси жүргізушілері және т.б.) мобильді аударымдар арқылы алады. Сонымен қатар, аударымдар көбінесе чектер берілмей қабылданады.

      Осыған байланысты кәсіпкерлерге кәсіпкерлік қызметке арналған шоттарға (бизнес-шоттарға) төлем қабылдауды ұсынамыз.

       Бақылау шараларына келетін болсақ, бірінші кезеңде екі бағыт бойынша камералдық бақылау жүргізіледі (талдау келесі жылы жоспар бойынша жүргізіледі):

      1) қызметті салық органдарында тіркеу;

      2) кірістерді төмендету.

      Жалпы, камералдық бақылау салық төлеушілерге бұзушылықтарды өз бетінше жоюға мүмкіндік беруге бағытталған. Осыған байланысты анықталған бұзушылықтар туралы ақпараты бар хабарламалар жіберілетін болады.

      Егер салық төлеуші бұзушылықтармен келіссе, ол жеке кәсіпкерді тіркеуі немесе декларацияға кіріс сомаларын көрсете отырып  қосымша декларация тапсыруы керек (бұзушылық түріне байланысты).

     Егер салық төлеуші бұзушылықтармен келіспесе, ол растайтын құжаттарды қоса бере отырып, бұзушылықтардың жоқтығы туралы түсініктеме беруге құқылы.

      Хабарламаны орындамаған кезде салықтық тексеру тағайындалады, оның барысында банктерден шот бойынша толық ақпарат сұратылады және бұзушылықтардың болуы/болмауы туралы іс жүзінде шешім шығарылады.

      Анықтама: ЖК тіркеусіз қызмет үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейінгі айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделген. Кірістерді жасырғаны үшін – төленбеген салықтар сомасының 200% мөлшерінде айыппұл (қайталанған жағдайда – 300%). Чек бермегені үшін – 15-тен 50 АЕК-ке дейін.   

     Бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейтініне назар аударамыз.

     Жоғарыда айтылғандай, бақылау шаралары қызметті тіркеусіз жүзеге асыратын немесе кірістерді жасыратын кәсіпкерлерге ғана әсер етеді.

      Жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттары үшін (туыстарына, достарына аударымдар, ата-аналар мен балаларға көмек, сондай-ақ басқа да өмірлік жағдайлар бойынша) мобильді аударымдар жасай алады және қабылдай алады. Бұл ретте мұндай аударымдарды декларациялаудың қажеті жоқ, өйткені олар жеке тұлғаның табысына жатпайды.

      Табыс алуға бағытталған аударымдар ғана декларациялауға жатады.