Жарияланған күні: 08.06.2023 17:02
Өзгертілген күні: 08.06.2023 17:02

6 маусымда Гянджа қаласында (Әзербайжан Республикасы) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің Кеден қызметтері басшылары кеңесінің (ТМД КҚБК) 76-шы отырысы өтті.

Отырысқа Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жанәлінов қатысты.

Отырыс қорытындысы бойынша неғұрлым анық кедендік статистиканы қалыптастыруға бағытталған, ТМД Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының құрылымын оңтайландыруға қатысты шешімдер қабылданды. Сондай-ақ ТМД елдері кеден органдарының көліктік және коммерциялық құжаттарға мөрлер мен мөртаңбаларды қою тәртібі туралы келісім жобасын келісудің мемлекетішілік рәсімдер процесін жеделдету мәселесі талқыланды. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің кеден органдары арасында зияткерлік меншік объектілерінің құқықтарын бұзушылық анықталған тауарлар туралы ақпарат алмасу регламентін іске асыру мақсатында әзірленген, ақпараттық өзара іс-қимылдың техникалық шарттарына қол қойылды.

Отырысқа Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан кеден қызметтерінің бірінші басшылары, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілдері қатысты.

ТМД КҚБК қызметінің негізгі бағыттары кеден ісі саласындағы басым бағыттарды айқындау, кеден заңнамасын жақындастыруға және үйлестіруге жәрдемдесу, кеден және басқа да мүдделі ұлттық қызметтер мен мемлекеттер ведомстволарының практикалық өзара іс-қимылын үйлестіру, кеден ісі саласында қабылданған мемлекетаралық және үкіметаралық шешімдерді іске асыруға ықпал ету болып табылады.