Жарияланған күні: 06.02.2018 17:53
Өзгертілген күні: 06.02.2018 17:54

  2018 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында кедендік реттеу туралы» Кодексінің 7 бөлімінің 63 тарауына сәйкес, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, ҚР-ның «Қазақстан Республикасында кедендік реттеу туралы» Кодексімен бекітілген талаптары сақтала отырып, тәртіппен уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне енгізілген заңды тұлғалар уәкілетті экономикалық операторлар (әрі қарай – УЭО) болып табылады.

          Кеден кодексіне УЭО институтын жетілдіру бойынша УЭО куәлігінің санатталуына және тиісті арнайы жеңілдіктерді қолдануға негізделген жаңа тәсілдер енгізілген:
I тип – Одақтың барлық аумағы бойынша тауарлардың транзитіне және тасымалдауға қатысты арнайы жеңілдіктер беріледі;
II тип – Тауарларды кедендік декларациялауға (транзиттан бөлек) және сақтауға қатысты арнайы жеңілдіктер беріледі;
III тип – бірінші және екінші типтегі арнайы жеңілдіктерді қолдану (қауіпсіздік және жеңілдік) мүмкіндігі беріледі. 
          Арнаулы оңайлатулар деп уәкілетті экономикалық оператор куәлігінің типіне қарай қолданылатын жекелеген кедендік операцияларды жасау мен кедендік бақылау жүргізу ерекшеліктері және Кодекстің ережелерін қолданудың өзге де ерекшеліктері түсініледі.
         1. Бірінші типтегі куәлік уәкілетті экономикалық операторға мынадай арнаулы оңайлатуларды пайдалануға құқық береді:
       1) бірінші кезектегі тәртіппен Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауарлардың келуімен, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тауарлардың кетуімен, кедендік декларациялаумен және тауарларды шығарумен байланысты кедендік операциялар жасау;
       2) уәкілетті экономикалық оператор декларанты болатын тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыру кезінде кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді, мұндай қамтамасыз етуді беру осы Кодекстің 223-бабына сәйкес белгіленген жағдайларда бермеу;
       3) уәкілетті экономикалық оператор декларанты болатын тауарларды шығару кезінде кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді осы Кодекстің 195 және 196-баптарында көзделген ерекшеліктермен ұсынбау;
       4) осы Кодекстің 194 және 540-баптарына сәйкес тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару;
       5) бірінші кезектегі тәртіппен кедендік қарап-тексеру немесе кедендік жете тексеру нысанында тағайындалған жағдайда кедендік бақылау жүргізу;
       6) кеден органдарының көлік құралдарының жүкжайларына (бөлікжайларына) немесе олардың бөліктеріне уәкілетті экономикалық оператор салған пломбаларды сәйкестендіру құралдары ретінде тануы. Мұндай пломбаларға қойылатын талаптарды Комиссия айқындайды;
       7) уәкілетті экономикалық оператор тасымалдайтын тауарларға қатысты тауарларды тасымалдау маршрутының белгіленбеуі;
       8) кедендік операцияларды жасаудың уақытын қысқартуға және тәртібін оңтайландыруға бағытталған кеден органдары жүргізетін пилоттық жобалар мен тәжірибелерге басым түрде қатысу;
       9) уәкілетті экономикалық оператор болып табылатын тасымалдаушының, кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын (тасылатын) тауарларды қоспағанда, кедендік бақылаудағы және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарларды тиеуді, қайта тиеуді (ауыстырып тиеуді) және олармен өзге де жүк операцияларын, сондай-ақ осындай тауарларды тасымалдайтын халықаралық тасымалдау көлік құралдарын басқа көлік құралдарына, оның ішінде қызмет аймағында (өңірінде) тиісті операция жүзеге асырылатын кеден органының рұқсатынсыз немесе оны хабардар етпей, салынған пломбалар мен мөрлерді алып тастап ауыстыруды жүзеге асыру.
2. Екінші типтегі куәлік уәкілетті экономикалық операторға мынадай арнаулы оңайлатуларды пайдалануға құқық береді:
       1) уәкілетті экономикалық операторлардың тауарларын уәкілетті экономикалық оператордың құрылысжайларында, үй-жайларында (үй-жайларының бөлiктерiнде) және (немесе) ашық алаңдарында (ашық алаңдарының бөліктерінде) уақытша сақтау;
       2) уәкілетті экономикалық операторлар болып табылмайтын тұлғалардың тауарларын уәкілетті экономикалық оператордың құрылысжайларында, үй-жайларында (үй-жайларының бөлiктерiнде) және (немесе) ашық алаңдарында (ашық алаңдарының бөліктерінде) уақытша сақтау;
       3) уәкілетті экономикалық оператордың құрылысжайларында, үй-жайларында (үй-жайларының бөлiктерiнде) және (немесе) ашық алаңдарында (ашық алаңдарының бөліктерінде) құрылған кедендік бақылау аймағына тауарларды жеткізу, оларды мұндай кедендік бақылау аймағында орналастыру, мұндай құрылысжайларда, үй-жайларда (үй-жайлардың бөлiктерiнде) және (немесе) ашық алаңдарда (ашық алаңдардың бөліктерінде) кедендік бақылауды жүргізу және кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталуына байланысты кедендік операцияларды жасау;
       4) уәкілетті экономикалық оператордың құрылысжайларында, үй-жайларында (үй-жайларының бөлiктерiнде) және (немесе) ашық алаңдарында (ашық алаңдарының бөліктерінде) кедендік бақылау жүргізу;
       5) қызмет аймағында тауарлар орналасқан кеден органынан басқа кеден органында кедендік декларациялаумен және тауарларды шығарумен байланысты кедендік операцияларды жасау. Осы арнаулы оңайлатуды қолданған кезде көрсетілген кедендік операцияларды жасау тәртібін уәкілетті орган айқындайды;
       6) бірінші кезектегі тәртіппен кедендік қарап-тексеру немесе кедендік жете тексеру нысанында тағайындалған жағдайда кедендік бақылау жүргізу;
       7) осы баптың 7-тармағына сәйкес айқындалған тәртіппен уәкілетті экономикалық оператордың кеден органдары пайдаланатын сәйкестендіру құралдарын қолдануы;
       8) уәкілетті экономикалық оператор декларанты болатын тауарларды шығару кезінде кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді осы Кодекстің 195 және 196-баптарында көзделген ерекшеліктермен бермеу;
       9) осы Кодекстің 194 және 540-баптарына сәйкес тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару;
       10) егер уәкілетті экономикалық оператор тауарлардың декларанты болса, осы Кодекстің 92-бабының 1-тармағына сәйкес кедендік әкелу баждарын төлеу кейiнге қалдырылған кезде кедендік әкелу баждарын төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді бермеу.
3. Үшінші типтегі куәлік уәкілетті экономикалық операторға осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген арнаулы оңайлатуларды пайдалануға құқық береді.
          ҚР «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексінің 63 тарауына сәйкес УӘКІЛЕТТІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОПЕРАТОРЛАР мәртебесі және түсінігі туралы, УӘКІЛЕТТІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОПЕРАТОРЛАР үшін арнаулы оңайлатулар және УӘКІЛЕТТІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОПЕРАТОРЛАРДЫҢ куәлігін алу туралы көбірек білгісі келген заңды тұлғалар Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Кедендік бақылау басқармасына келуі қажет.
Мекен жайы: Тараз қаласы, Қолбасшы-Қойгелді көшесі, 188 үй, Тараза қаласы бойынша МКБ ғимараты, 4-қабат, кедендік бақылау бөлімі.