Жарияланған күні: 22.06.2015 10:14
Өзгертілген күні: 22.06.2015 10:16

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Салықтық және кедендік төлемдер бойынша Бюджеттік сыныптама кодының 50 пайыздан астамы қысқартылды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Нұрлан Рахымғалиев мәлім етті.

   «ҚР Бірыңғай бюджеттік сыныптамасының кейбір мәселелері туралы» Қаржы министрінің 2014 жылғы қыркүйегіндегі бұйрығымен Бюджеттік сыныптама кодтарын (БСК) қысқарту бойынша өзгерістер енгізілді. Бүгінде Комитеттің органдарында 208 Бюджеттік сыныптаманың кодтары бар. Оның ішінде биылғы 1 шілдеден бастап соның тек 89-ы ғана қалады, яғни 119 код қысқаратын болады»,-деді басқарма басшысы.

   Атап айтқанда, соның арасында салықтық төлемдер бойынша 64 БСК сақталады, ал кедендік төлемдер аясында 25 БСК қалады.

   «Салық төлеушілер тарапынан шағымдар көп түсетін бағыттарды жетілдіру шаралары жүргізілді. Осы тұрғыдағы жұмыстардың барысында  біздегі сыныптама кодтарының көп болғандығынан, төлемдерді дұрыс аудармауға алып келетінін назарға алдық. Бұл тұрғыда кейіннен салықтарды бір кодтан екіншісіне немесе бір ауданнан басқасына аудару және басқа да қосымша жұмыстарды туындатады. Осы мәселелердің барлығын ескеріп, БСК-ны қысқарту шешімін жасадық»,-деді Рахымғалиев.

    Оның сөзіне қарағанда, акциздер бойынша 68 код қысқарды, мемлекеттік баж салығында -21, тіркеу төлемдерінде -8, жер салығы бағытындағы алтауы қысқартылды.

   «Салық төлеу барысында көптеген үлгінің арасынан өзіңізге керек кодты таңдап жүрсіздер. Кодты дұрыс таңдамасаңыз, төленген қаржы қажет емес кодпен жіберіледі. Нәтижесінде, салық органдарының тарапынан сіздің салық төлемегеніңіз жайында ескертулер қайта келіп жатады. Осындай жағдайларға жол бермес үшін, мәселен, жер салығы бойынша тек 2 код қана қалды»,-деді басқарма басшысы.

    Оның айтуынша, БСК-ның қысқаруы халық пен бизнес үшін көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге оңтайлы әсер беріп, барлық ақпараттық жүйеге жүктемені азайтады.