Жарияланған күні: 15.01.2016 15:37
Өзгертілген күні: 15.01.2016 15:37

 

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне индустриалдық-инновациялық саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы                  17  қарашадағы № 407-V ҚРЗ Заңымен «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің                        (бұдан әрі - Салық кодексі) 456-бабына Қазақстан Республикасында механикалық көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу және бастапқы мемлекеттік тіркеу кезіндегі алымдар ставкаларын белгілеу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, олар 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.

«Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының   1-бабында көлік құралын бастапқы тіркеу –  бұл Қазақстан Республикасының аумағында алғаш жүзеге асырылатын, көлік құралын мемлекеттік тіркеу ұғымы айқындалған.

Салық кодексінің 456-бабына сәйкес 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап  механикалық көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу үшін мемлекеттік алым:

механикалық көлік құралын (бастапқы мемлекеттік тіркеу жүргізілетін көлік құралын қоспағанда) немесе тіркемені мемлекеттік тіркеу үшін –  0,25 айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі - АЕК);

механикалық көлік құралдарын бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін:

гибридті көлік құралдарын қоспағанда, электр қозғалтқыштары бар,                М1 санатындағы көлік құралдары:

шығарылған жылын қоса алғанда, 1 жылға дейін – 0,25 АЕК;

шығарылған жылын қоса алғанда, 1 жылдан 3 жылға дейін – 25 АЕК;

шығарылған жылын қоса алғанда, 3 жылдан асқан – 250 АЕК;

электр қозғалтқышы бар көлік құралдарын қоспағанда, М1 санатындағы көлік құралдары:

шығарылған жылын қоса алғанда, 1 жылға дейін – 0,25 АЕК;

шығарылған жылын қоса алғанда, 1 жылдан 3 жылға дейін – 50 АЕК;

шығарылған жылын қоса алғанда, 3 жылдан асқан – 500 АЕК;

М2, М3, N1, N2, N3 санаттарындағы көлік құралдары:

шығарылған жылын қоса алғанда, 1 жылға дейін – 0,25 АЕК;

шығарылған жылын қоса алғанда, 1 жылдан 3 жылға дейін – 240 АЕК;

шығарылған жылын қоса алғанда, 3 жылдан 5 жылға дейін – 350 АЕК;

шығарылған жылын қоса алғанда, 5 жылдан асқан – 2500 АЕК құрайды.

Кеден одағы Комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 877 Шешімімен бекітілген 018/2011 КО ТР «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентіне «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» Кеден одағы техникалық регламентінің әрекеті таралатын техникалық реттеу объектілерінің тізбесі» деген 1-қосымшада  көлік құралдарының санаттар бойынша жіктелуі айқындалған:

- М1 санаты – жолаушыларды тасымалдау үшін пайдаланылатын және жүргізуші орнынан басқа, отыруға арналған орын саны сегізден аспайтын, көлік құралдары ‒ жеңіл автомобильдер;

- М2 санаты – жолаушыларды тасымалдау үшін пайдаланылатын, жүргізуші орнынан басқа, отыруға арналған орын саны сегізден асатын, техникалық рұқсат етілген барынша жоғары массасы 5 тоннадан аспайтын көлік құралдары;

- М3 санаты – жолаушыларды тасымалдау үшін пайдаланылатын, жүргізуші орнынан басқа, отыруға арналған орын саны сегізден асатын, техникалық рұқсат етілген барынша жоғары массасы 5 тоннадан асатын көлік құралдары;

- N1 санаты – жүктерді тасымалдауға арналған, 3,5 тоннадан аспайтын техникалық рұқсат етілген барынша жоғары массасы бар көлік құралдары;

- N2 санаты – жүктерді тасымалдауға арналған, 3,5 тоннадан асатын, бірақ 12 тоннадан аспайтын техникалық рұқсат етілген барынша жоғары массасы бар көлік құралдары;

- N3 санаты – жүктерді тасымалдауға арналған, 12 тоннадан асатын техникалық рұқсат етілген барынша жоғары массасы бар көлік құралдары.