«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне индустриалдық-инновациялық саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 17 қарашадағы № 407-V ҚРЗ Заңымен «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі - Салық кодексі) 456-бабына Қазақстан Республикасында механикалық көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу және бастапқы мемлекеттік тіркеу кезіндегі алымдар ставкаларын белгілеу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, олар 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.
«Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабында көлік құралын бастапқы тіркеу – бұл Қазақстан Республикасының аумағында алғаш жүзеге асырылатын, көлік құралын мемлекеттік тіркеу ұғымы айқындалған.
Салық кодексінің 456-бабына сәйкес 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап механикалық көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу үшін мемлекеттік алым:
механикалық көлік құралын (бастапқы мемлекеттік тіркеу жүргізілетін көлік құралын қоспағанда) немесе тіркемені мемлекеттік тіркеу үшін – 0,25 айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі - АЕК);
механикалық көлік құралдарын бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін:
гибридті көлік құралдарын қоспағанда, электр қозғалтқыштары бар, М1 санатындағы көлік құралдары:
шығарылған жылын қоса алғанда, 1 жылға дейін – 0,25 АЕК;
шығарылған жылын қоса алғанда, 1 жылдан 3 жылға дейін – 25 АЕК;
шығарылған жылын қоса алғанда, 3 жылдан асқан – 250 АЕК;
электр қозғалтқышы бар көлік құралдарын қоспағанда, М1 санатындағы көлік құралдары:
шығарылған жылын қоса алғанда, 1 жылға дейін – 0,25 АЕК;
шығарылған жылын қоса алғанда, 1 жылдан 3 жылға дейін – 50 АЕК;
шығарылған жылын қоса алғанда, 3 жылдан асқан – 500 АЕК;
М2, М3, N1, N2, N3 санаттарындағы көлік құралдары:
шығарылған жылын қоса алғанда, 1 жылға дейін – 0,25 АЕК;
шығарылған жылын қоса алғанда, 1 жылдан 3 жылға дейін – 240 АЕК;
шығарылған жылын қоса алғанда, 3 жылдан 5 жылға дейін – 350 АЕК;
шығарылған жылын қоса алғанда, 5 жылдан асқан – 2500 АЕК құрайды.
Кеден одағы Комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 877 Шешімімен бекітілген 018/2011 КО ТР «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентіне «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» Кеден одағы техникалық регламентінің әрекеті таралатын техникалық реттеу объектілерінің тізбесі» деген 1-қосымшада көлік құралдарының санаттар бойынша жіктелуі айқындалған:
- М1 санаты – жолаушыларды тасымалдау үшін пайдаланылатын және жүргізуші орнынан басқа, отыруға арналған орын саны сегізден аспайтын, көлік құралдары ‒ жеңіл автомобильдер;
- М2 санаты – жолаушыларды тасымалдау үшін пайдаланылатын, жүргізуші орнынан басқа, отыруға арналған орын саны сегізден асатын, техникалық рұқсат етілген барынша жоғары массасы 5 тоннадан аспайтын көлік құралдары;
- М3 санаты – жолаушыларды тасымалдау үшін пайдаланылатын, жүргізуші орнынан басқа, отыруға арналған орын саны сегізден асатын, техникалық рұқсат етілген барынша жоғары массасы 5 тоннадан асатын көлік құралдары;
- N1 санаты – жүктерді тасымалдауға арналған, 3,5 тоннадан аспайтын техникалық рұқсат етілген барынша жоғары массасы бар көлік құралдары;
- N2 санаты – жүктерді тасымалдауға арналған, 3,5 тоннадан асатын, бірақ 12 тоннадан аспайтын техникалық рұқсат етілген барынша жоғары массасы бар көлік құралдары;
- N3 санаты – жүктерді тасымалдауға арналған, 12 тоннадан асатын техникалық рұқсат етілген барынша жоғары массасы бар көлік құралдары.