Пресс-релиз
ҚР ҚК-нің 215 бабында жалған кәсіпкерлікке қатысты қылмыстық жауапкершілік көзделген , яғни кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру ниетiнсiз, кредиттерді заңсыз алу немесе салықтан босату немесе тыйым салынған қызметті жасыру немесе өзге де мүліктік пайда алу мақсатында немесе осындай әрекеттердің жасалуына жәрдемдесу мақсатында жеке кәсiпкерлiк субъектiсiн құру не басқа заңды тұлғалардың олардың шешiмдерiн айқындау құқығын беретiн акцияларын (қатысу үлестерiн, пайларын) иемдену, сол сияқты оларға басшылық ету, егер бұл іс-әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке iрi залал келтiрсе.
Жалған кәсіпкерліктің қоғамға қауіптілігі экономикалық қызмет қағидаларының бұзылуынан тұрады. Аталған қылмыстың мәні заңды және нысанды түрде құрылғанымен, оның мазмұны өзінің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ниетінің жалғандығында болып табылады.
«Жалған кәсіпкерлік туралы заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері жөнінде» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 12 қаңтардағы N 1 Нормативтік қаулысында көрсетілгендей, жалған кәсіпкерлік дегеніміз кінәлі адам кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 215-бабының диспозициясында көзделген құқыққа қарсы мақсаттарда бұл іс-әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтіретін жағдайда, жеке кәсіпкерлік субъектілерін құратын (иемденетін) және пайдаланатын, сол сияқты оларға басшылық жасайтын экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтың түрі.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 34 бабының 2 бөлігіне сәйкес коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға мемлекеттiк кәсiпорын, шаруашылық серiктестiк, акционерлiк қоғам, өндiрiстiк кооператив нысандарында ғана құрылуы мүмкiн.
Қылмыстың объектісіне кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезіндегі бекітілген тәртіптер мен қағидалар болып табылады.
Жалған кәсіпкерліктің объективтік жағы өзіне жеке кәсіпкерліктің субъектісін құру және олардың шешімдерін айқындау құқығын беретін басқа заңды тұлғалардың акцияларын (қатысу үлестерін, пайларын) иемденуді өзіне қамтиды.
Қылмыстың субъективтік жағы жалған кәсіпкерлік қасақана ниетпен жасалады. Яғни, айыпкер кәсіпкерлік қызметпен айналысу ниетінсіз кредит алу немесе салықтан босатылу, тыйым салынған қызметті жасыру мен қатар оған басшылық ету мақсатында коммерциялық ұйымды құрып жатқанын түсінеді және біледі, азаматтарға, ұйымдарға, мемлекетке ірі зардап келуі мен келмей қоймайтынын сезінеді және солай болуын қалайды.
Қылмыстың субъектісі-қылмыс құрамының міндетті белгісі ретінде өзі жасаған әрекетке жауап бере алатын есі дұрыс жеке тұлға болып табылады. Жалған кәсіпкерліктің субъектісі коммерциялық ұйымның қатысушылары ғана емес, сонымен қатар олардың басшылары және бұл ұйымның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмайтыны мен олардың тыйым салынған қызметпен айналысуларынан хабардар екенін білген және соған келісім берген басқа да тұлға.
ҚР ҚК-нің 3 бабының 38 тармағында көрсетілгендей ҚР ҚК-нің 215 бабындағы ірі залал мөлшері – азаматқа айлық есептiк көрсеткiштен бiр мың есе асатын сомада келтiрiлген залал не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептiк көрсеткiштен жиырма мың есе асатын сомада келтiрiлген залал болып табылады.
ҚР ҚК-нің 3 бабының 3 тармағында көрсетілгендей ҚР ҚК-нің 215- бабындағы аса ірі залал мөлшері– азаматқа айлық есептiк көрсеткiштен бес мың есе асатын сомада келтiрiлген залал не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептiк көрсеткiштен елу мың есе асатын сомада келтiрiлген залал; 217бапта – сомасы бес мың айлық есептік көрсеткіштен асатын табыс болып табылады.
ҚР ҚК-нің 11 бабында көрсетілгендей қылмыстар сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiне қарай онша ауыр емес қылмыстар, ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр қылмыстар және аса ауыр қылмыстар деп бөлiнедi.
Жасалғаны үшiн осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру екi жылдан аспайтын қасақана жасалған іс-әрекеттер, сондай-ақ жасалғаны үшiн осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру бес жылдан аспайтын абайсызда жасалған іс-әрекеттер онша ауыр емес қылмыстар деп танылады.
Жасалғаны үшiн осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру бес жылдан аспайтын қасақана жасалған іс-әрекеттер, сондай-ақ жасалғаны үшiн бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза көзделген абайсызда жасалған іс-әрекеттер ауырлығы орташа қылмыстар деп танылады.
Жасалғаны үшiн осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру он екi жылдан аспайтын қасақана жасалған іс-әрекеттер ауыр қылмыстар деп танылады.
Жасалғаны үшiн осы Кодексте он екi жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру, өмірбойына бас бостандығынан айыру немесе өлiм жазасы түрiндегi жаза көзделген қасақана жасалған іс-әрекеттер аса ауыр қылмыстар деп танылады.