Бүгін, Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәжіліс залында Ішкі қауіпсіздік басқармасының ұйымдастыруымен «Билік пен қоғам өкілдерінің тығыз әріптестігі-сыбайлас жемқорлықпен күрестің оңды кепілі» тақырыбында «Дөңгелек үстел» болып өтті.
Жемқорлықпен күрес аясындағы тығыз әріптестік жасай отырып, қоғамның жегі құртына айналған сыбайластықты жою мақсатында өткен «Дөңгелек үстелге» Жамбыл облыстық ҰҚД-ның аға жедел өкілі-С. Тұрғымбаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет ұлттық бюросы департаменті Ішкі қауіпсіздік басқармасының басшысы м.у.а-Е. Асабай, Жамбыл облыстық ІІД Ішкі қауіпсіздік басқармасының басшысы-Н. Қиынбеков, Жамбыл облыстық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы-Ж. Жақыпов сияқты облыстың басқа да құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Сонымен қатар, «Дөңгелек үстел» басындағы жиынға қоғамдық бірлестіктерден яғни, Жамбыл облыстық «Нұр Отан» партиясы облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес қоғамдық кеңесінің мүшесі-Қ. Төлендиев және Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы-Сейдәзімов Сембек Әбітайұлы шақырылды.
Жиынды ашып, жүргізіп отырған Ішкі қауіпсіздік басқармасының басшысы-Ернар Мақажанов 2017 жылғы өткен үш айдағы атқарылған жұмыстар мен алдағы мақсат-межелері туралы баяндады.
Е. Мақажанов өз баяндамасында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдаулары мен мемлекеттік маңыз зор бағдарламаларында көрініс тауып, күн тәртібінен түспей келе жатқан жемқорлықпен күрес қазіргі уақытта мемлекеттік саясаттың саралысына айналғандығын айтты.
Бұл жағымсыз яғни ұлттың қауіпсіздігіне де әсер ететін дертпен күресте қоғам мен билік біріккені және халықтың да төзбеушілік қасиетін қалыптастыру маңызды іс болып отырғандығын атап өтті.
Ішкі қауіпсіздік басқармасы Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмысын үйлестіруші құрылымдық бөлімше болғандықтан Басқарма басшысы-Ернар Мақажанов өткен мерзімдегі атқарылған жұмыстарға тоқталып, нақты деректерді баяндады.
Өткен үш мерзімде жемқорлықпен күрес жұмыстарының күшейтілген шараларына қарамастан, мемлекеттік кірістер органдарының мәртебесіне жағымсыз әсер қалдырған бірнеше деректер орын алған.
Атап айтар болсақ, Шу аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманының үстінен өзінің лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану, пара беру дерегіне қатысу және пара беру деректері бойынша 3 қылмыстық іс қозғалған.
2016 жылы қозғалған қылмыстық іс бойынша экономикалық тергеу қызметінің бұрынғы Басқарма басшысы мен өзіне бағыныстағы 4 қызметкердің және бұрынғы ЭТҚ (Экономикалық тергеу қызметінің) 1 қызметкері, бір емес бірнеше сыбайлас жемқорлық қылмысқа барғанының зардабы сол олардың 2 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығын шектеуге, айыруға, мүліктерін тәркілеп, мемлекеттік қызметке 2,5 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімде қандай да бір лауазымға тағайындалмауына және ешқашан осы қызметке орналаса алмайтын жазаға әкеп соқты. Бұлар да өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, 5 млрд. теңгеден аса мүліктік және қаржылай залал келтіре отырып, пара алған.
Бұған қоса тергеп-тексеру кезінде Жамбыл облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты, сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысты 4 қызметкердің 225 мың АҚШ долларын алғандығын дәлелдеп, мемлекетке өндіру туралы талап қойды.
Сонымен қатар, Ішкі қауіпсіздік басқармасы облысымыздың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро департаментімен бірігіп, ағымдағы жылдың 21 сәуірі күні Т. Рысқұлов ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысын жеке кәсіпкерден жеке кәсіпкерлігін жабу үшін 70000 теңге көлемінде пара алған жерінде ұстады. Қазіргі таңда бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары басталып кетті.
Тура осындай біріккен шараның нәтижесінде 2016 жылы қыркүйек айында Тараз қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының жетекші маманы 100000 теңге пара алу үстінде ұсталып, Тараз қаласының №2 сотының 2017 жылғы шешімімен 6 млн. теңге айыппұл ретінде мемлекетке өндіріліп, барлық мүліктері тәркіленді. Бұған қоса, өмір бойы мемлекеттік қызметке кіру құқығынан айырылды.
Жиынның күн тәртібіне сәйкес, Камералдық бақылау басқармасының басшысы-Жанна Жұмаділова мен Жамбыл обьлыстық Ішкі істер департаменті Әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы, полиция капитаны-Жалғас Жақыпов баяндама жасады.
Жиын соңында «Дөңгелек үстелге» қатысушылар мен шақырылғандар құқық қорғау және мемлекеттік қызметшілер арасындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, Әдеп кодексі нормаларының сақталуын қамтамасыз ету жолында біріге әрекет ететіндіктерін уағдаласып, Меморандумға қол қойды.