Жарияланған күні: 18.07.2019 08:38
Өзгертілген күні: 18.07.2019 08:41
Вице-министр өз сөзінде, салықтық рақымшылық жүргізуді көздейтін тиісті заңға Мемлекет басшысы қол қойғанын 16 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетінін хабарлады. Салықтық рақымшылық жүргізу қағидалары Қаржы министрінің бұйрығымен бекітіледі және жақын арада барлық аумақтық мемлекеттік кірістер департаменттерінің назарына жеткізіледі.
«Қаржы министрлігі тарапынан Жол картасы бекітілді, оның аясында Мемлекеттік кірістер органдары салықтық рақымшылық жүргізу тәртібі туралы халық арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізбек. Ағымдағы жылдың соңына дейін әрбір азамат өсімпұлдарды есептен шығаруға мүмкіндік беретін осы науқанды пайдалануы тиіс», - деді Қ.Баеділов.
2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1,4 млн жеке тұлғаның жалпы сомасы 20,9 млрд. теңгені құрайтын салықтық берешегі болған, оның ішінде негізгі борыш - 14,3 млрд. теңге, есептелген өсімпұлдар – 6,6 млрд. теңге.
Салық берешегінің ең көп сомасы немесе 70% (14,4 млрд.теңге) көлік құралдарына салынатын салыққа тиесілі.
Жер салығы бойынша берешекке 12% (немесе 2,5 млрд.теңге), мүлік салығына - 6,7% (немесе 1,4 млрд. теңге) тиесілі.
Қ. Баеділов атап өткендей, ағымдағы жылдың басынан бастап мемлекеттік кірістер органдары жеке тұлғаларға салықтық рақымшылық жүргізу үшін үлкен дайындық жұмыстарын жүргізді, атап айтқанда, уәкілетті органдармен деректер базасын салыстырып тексеру, сондай-ақ салық төлеушілердің дербес шоттарын өзектендіру мақсатында есептеулердің толықтығы мен дұрыстығын анықтау үшін Дербес шоттарды түгендеу жүргізілді.
Қаржы вице-министрі, осы рақымшылықтың маңызды шарасы - жеке кәсіпкер болып табылмайтын, бірақ кәсіпкерлік қызметтен туындайтын салықтар бойынша берешегі бар жеке тұлғалардың салықтық берешегін есептен шығаруға мүмкіндік беру екенін ерекше атап өтті.
«Бұл жерде көрсетілген берешек 2002- 2003 жылдары салық органдарының жергілікті жүйеден жалпы республикалық салықтық ақпараттық жүйеге (БСАЖ) көшуі кезінде пайда болғанын айтып өткен жөн.2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сомасы 700 млн. теңгеге, оның ішінде негізгі борыш - 400 млн. теңге, өсімпұл – 300 млн. теңге болатын мұндай салықтық берешек 16 мыңнан астам жеке тұлғада болған», - деді Қ.Баеділов.
Қаржы Вице-министрі жеке тұлғаларға негізгі қарызды төлеген жағдайда өсімпұлды есептен шығару тетіктері туралы айтып берді.
"Жеке тұлға салықтар бойынша негізгі қарызды төлеген жағдайда өсімпұл есептен шығарылады. Салық төлеушілерге бұл үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, мемлекеттік кіріс органдары күн сайын жеке тұлғалардың дербес шоттарының жай-күйіне мониторинг жасайтын болады және олар негізгі борышты төлеген кезде өсімпұлды есептен шығару туралы тиісті шешім шығарады (3 жұмыс күнінен кешіктірмей) ", - деп түсіндірді Қанат Баеділов.